АСТАНАДА KIOSH 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ МЕН КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ: НАЗАРДЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА — ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖҰМЫСШЫ КӘСІПТЕРІ
АСТАНА, 2025 ЖЫЛҒЫ 28 МАМЫР — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «EXPO» КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫНДА 13-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ — KIOSH 2025 КОНФЕРЕНЦИЯ МЕН КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ.
Іс-шара 28–30 мамыр аралығында өтіп, бір алаңда мемлекеттік органдардың, бизнестің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар мен салалық мамандардың өкілдерін біріктіреді.
Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы кәсіптер жылы деп жарияланғандықтан, KIOSH ерекше маңызға ие болып отыр. Ол қауіпсіз еңбекке басымдық беру, оқытудың заманауи тәсілдері және күн сайын өндірісте еңбек ететіндерді қорғау мәселелеріне назар аударады. KIOSH алаңы елдегі кәсіптердің болашағы мен еңбек жағдайлары туралы диалогтың басты орталығына айналды. Жұмысшы кәсіптер жылы аясында еңбек адамын қорғауға жүйелі көзқарас қалыптастыру — заңнамалық бастамалардан бастап, көрмеде ұсынылған практикалық құралдар мен технологияларға дейін — ерекше маңызды.
Көрменің экспоненттері ретінде 12 елден 91 компания қатысуда: Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния және Түркия. Олардың ішінде 37 қатысушы алғаш рет қатысып отыр, олар инновациялық жеке қорғаныс құралдарынан бастап, мониторингтің цифрлық платформаларына және кадрларды оқыту мен даярлау жүйелеріне дейінгі шешімдерді ұсынады.
Көрмеде екі семинар алаңы жұмыс істейді: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты воркшоптар, практикалық сессиялар мен мастер-кластар өткізуде, ал экспонент-компаниялар мен серіктестер өздерінің оқыту контенттерін таныстыруда.
Көрмеге келушілердің ерекше назарын заманауи арнайы киімдердің дефилесі мен биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу бойынша демонстрациялық алаң аударды. Мұнда өмірді сақтап қалуға көмектесетін технологиялар мен дағдылар нақты көрсетілді. Инновациялық киім үлгілері ұсынылған подиум көрменің көрнекі элементі ғана емес, сонымен қатар жайлылық, эргономика және қауіпсіздік – мамандарды жабдықтаудағы негізгі факторлар екендігін еске салады. Сол уақытта биіктік платформасында кәсіби нұсқаушылар қауіпсіздік жүйелерін дұрыс пайдалану, белгі беру және төтенше жағдайларда әрекет ету жолдарын көрсетті — бұл дайындық пен қауіпсіздік стандарттарын сақтаудың маңыздылығын айқын дәлелдеді.
KIOSH 2025 конференциясының бағдарламасы үш күн бойы мазмұнды іскерлік қарым-қатынас пен сараптамалық талқылауларды қамтиды. Бірінші күннің басты іс-шарасы — «Еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессия болды. Спикерлер қатарында: Ермек Көшербаев — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, – Светлана Жақыпова — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сатыбалды Дәулеталин — ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Жұмабек Жанықұлов — ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы «PARYZ» Президиум төрағасы, Ғибрат Ауғанов — «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры, Ребекка Хикман — Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Британдық Корольдік қоғамының (RoSPA) бас директоры, Ұлыбритания, Даррен Николс — Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық сарапшы, Аустралия, Славик Саргсян — Халықаралық еңбек инспекциясы қауымдастығының вице-президенті, Рашид Дубаев — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Шыңғыс Ахметов — «Еуразиялық Топ» ЖШС-нің еңбекті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару дирекциясының өндірістік қауіпсіздік жөніндегі жетекшісі, Николай Радостовец — Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры, Болат Ақшолақов — KAZENERGY қауымдастығының төрағасы, Бейбіт Әбдікенов — «Astana IT University» ЖШС «Artificial Intelligence» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.
Құттықтау сөзінде Ермек Көшербаев қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сессия — ашық диалог алаңы.
«Еңбекті қорғау — бұл әр адамның өмірі, денсаулығы мен амандығы. Бұл жерде жұмыс берушілер мен жұмысшылардың пікірін тыңдау өте маңызды — олар күн сайын нақты мәселелермен бетпе-бет келіп, қандай шешімдердің шынымен жұмыс істейтінін жақсы біледі. Есептер — бір басқа, шынайы тәжірибе — мүлде басқа. Біз тек тығыз ынтымақтастық арқылы шын мәнінде заманауи және қауіпсіз еңбек ортасын құра аламыз», — деді ол. Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ мемлекет өндірістегі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдағанын атап өтті.
Өз сөзінде Светлана Жақыпова биылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні ұранын еске салды: «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық тәсілдер: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі».
«Бұл тақырып еңбек жағдайларын жақсарту мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жаңа технологияларды пайдаланудың маңыздылығын көрсетеді. Бұрын біз роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, климаттың өзгеруі мен «жасыл» экономикаға көшу туралы алыс болашақтың мәселесі ретінде айтатынбыз. Алайда бұл болашақ қазірдің өзінде келді және ол біздің шындығымызға айналды», — деді ол.
Министрдің айтуынша, цифрлық шешімдер, жасанды интеллект және басқа да құралдар еңбек қауіпсіздігі мен қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Бұл салада көшбасшы елдер әлдеқашан тренд қалыптастырып үлгерді, ал Қазақстан осы бағытта даму үстінде.
«Жаһандық трендтерді ескере отырып, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — еңбек саласындағы ұлттық саясаттың басты басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары өндірістік жарақат деңгейі мен кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жұмыскерлер санының төмендеу динамикасы байқалады», — деді Жақыпова.
Спикерлер еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлер мен трендтерді — цифрландыру, автоматтандыру және ESG-күн тәртібінен бастап жұмыспен қамту құрылымы мен қауіптерге дейінгі мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, инновациялық технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект, Big Data және киілетін құрылғыларға, сондай-ақ қауіпсіздік мәдениетін дамытудың басым бағыттарына — халықаралық стандарттарды енгізу мен алдын алу институтын күшейтуге ерекше назар аударылды.
«Қазақстанда еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттердің ұлттық жүйесін трансформациялау» атты панельдік сессияда қатысушылар Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту бағыттарын талқылады. Кәсіби стандарттар мен біліктілік шеңберлерін қалыптастыру, сондай-ақ оқыту әдістерін жаңарту үшін цифрлық технологиялар мен автоматтандырудың рөліне ерекше назар аударылды.
«Жасанды интеллект, Big Data және басқа цифрлық шешімдер еңбек пен өндірістік қауіпсіздікті қалай өзгертуде?» атты панельдік сессияда сарапшылар заманауи цифрлық құралдардың — үлкен деректер аналитикасынан бастап жасанды интеллект негізіндегі жүйелерге дейін — өндірістегі қауіпсіздік басқару тәсілдерін қалай трансформациялап жатқанын талқылады. Цифрландырудың өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, оқиғалардың алдын алуға және кәсіби тәуекелдерді тиімді басқаруға әсері қарастырылды.
Бұдан бөлек, бірінші күннің бағдарламасына «Кәсіби денсаулық пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудегі инновациялық технологиялар: сын-қатерлер мен болашақ» және «Өндірістік жарақаттардың алдын алудағы халықаралық стандарттар: стратегиялар мен тәжірибе» атты панельдік сессиялар кірді. Бұл сессияларда өндірістік гигиена, инновациялық шешімдер, қызметкерлерді қорғаудың әлеуметтік-экономикалық ынталандыру механизмдері, сондай-ақ ISO 45001 және Vision Zero сияқты халықаралық стандарттар, үздік корпоративтік тәжірибелер мен қауіпсіз еңбекке бағытталған ұлттық бастамалар талқыланды.
Күннің соңында «Қауіпті өндірістік объектілер мен жабдықтардың қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету» тақырыбында техногендік қауіпсіздік мамандарының кездесуі өтті.
KIOSH 2025 көрмесін ұйымдастырушы – Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events.
Алтын серіктесі – «Еуразиялық Топ» ЖШС.
Күміс серіктестері – «Казцинк» ЖШС, KazMinerals.
Қола серіктесі – «BEST vision Technologies» ЖШС
Жобаның мемлекеттік әріптесі – Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты Әлеуметтік Қорғау Министрлігі.
Іс-шараға ресми қолдау көрсеткендер: «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК , Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Тау-кен өндіру және тау-металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы (ТМКҚ), «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, IOSH, ORP, NEBOSH, CSSE, ЖҚҚ қауымдастықтры, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағы, Қауіпсіз жүргізу қауымдастығы, Petro mining.
Көрме туралы толығырақ ақпаратты және конференция бағдарламасының кестесін іс-шараның веб-сайтынан таба аласыз: www.kiosh.kz