KIOSH 2025 ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕРДЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАДАҒЫ ЖАҢА ҚАУІПСІЗДІК СТАНДАРТТАРЫНА ДЕЙІН
2025 ЖЫЛҒЫ 28-30 МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА АСТАНАДА 13-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ – KIOSH 2025 КОНФЕРЕНЦИЯ ЖӘНЕ КӨРМЕ САЛАСЫНДАҒЫ МАМАНДАР МЕН САРАПШЫЛАР ҮШІН МАҢЫЗДЫ ОҚИҒА ТАБЫСТЫ ӨТТІ.
KIOSH 2025 көрмесі
Көрме «EXPO» ХКО аумағында орналасты және Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния және Түркия сияқты 12 елден 90 компанияны біріктірді. Экспоненттердің 38-і (яғни 41%-ы) өз өнімдерін алғаш рет ұсынды. Келушілер еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікке арналған ең жаңа технологиялық және бағдарламалық шешімдермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Көрме алаңы 47 отандық компанияны және 44 халықаралық қатысушыны тартты, бұл KIOSH-тың Қазақстандағы ғана емес, сондай-ақ стратегиялық мәселелерді талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңға айналғанын дәлелдейді.
Іс-шара дәстүрлі түрде әлемнің түрлі елдерінен келген 2 305 бірегей келушіні жинады.
Келушілер көрменің ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң екенін атап өтті.
«Мұндай көрмелер Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де бизнесті дамытуда маңызды рөл атқарады. Жаңа ұсыныстармен және, әсіресе, шетелдік өнімдермен танысуға мүмкіндік бар. Мысалы, мұнда Қытайдан келген көптеген өкілдер бар – жеке сөйлесіп, тәжірибе алмасуға болады. Тек жағымды әсер алдым», – деп Дінмұхамед Алимбеков, «AROS Group» ЖШС-нің сату жөніндегі инженері бөлісті.
Үш күн бойы көрме алаңында семинарлар, сессиялар, воркшоптар және мастер-класстардан тұратын мазмұнды іскерлік бағдарлама өтті. Көрме аясында екі залда параллель семинарлар алғаш рет ұйымдастырылды. Сол алаңдардың бірінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты өзекті мәселелерді қамтыған воркшоптар, практикумдар және мастер-класстар сериясын өткізді. Осы уақытта көрменің басқа бөлігінде қатысушы компаниялар мен серіктестер өздерінің білім беру форматтарын ұсынды, тәжірибелерімен, кейстерімен және жаңа технологияларымен бөлісті.
Нағыз орталық назарды интерактивті демонстрациялық бағдарлама аударды – мұндай формат көрме аясында алғаш рет өтті. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған – заманауи арнайы киімдер көрсетілімі болды. Оның ерекше тұжырымдамасы – модельдер киімді тек көрсетіп қоймай, қозғалыста, би элементтерімен ұсынды. Бұл жұмыс барысында киімнің ыңғайлылығы мен функционалдығын нақты көрсетті. Сондай-ақ, көрме аумағында биіктікте жұмыс істеу бойынша мастер-классы бар демонстрациялық аймақ жұмыс істеді. ERG Корпоративтік университетінің Қауіпсіздік Академиясы «Алғашқы көмек» және «Қауіпсіздік бойынша коммуникациялар» атты мини-курстар өткізді, бұл көрменің білім беру бағдарламасына пайдалы практикалық толықтыру болды. Best Vision қазақстандық өндірушісі экшн-камералармен жабдықталған каскалар мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жарақат алу мен өлім-жітімді алдын алу жүйесінің онлайн трансляциясын көрсетті.
Көрме барысында үш күн бойы іскерлік және жайлы атмосфера орнады: нәтижелі кездесулер өтті, жаңа серіктестік байланыстар орнатылды, саланың дамуындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және мұндай шаралардың кәсіби қауымдастық үшін маңыздылығын атап өтті. Өз пікірін бөліскен «ПИК Ютария Ltd» ЖШС директоры Тұрсынай Ибадатова: «Бұл көрме барысында біз көптеген компаниялармен таныстық, олардың кейбірімен байланыс алмасып үлгердік. Менің ойымша, біз өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткіземіз. Мұндай алаңдар сала дамуына үлкен ықпал етеді, әсіресе басқа елдермен тәжірибе алмасу тұрғысынан. Себебі бұл көрмеде Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қытай, тіпті Бельгия сияқты елдердің өкілдері бар. Тәжірибе мен ақпарат алмасу жалпы еңбек және өндірістік қауіпсіздік саласының дамуына оң әсер етеді».
KIOSH 2025 Конференциясы
28–30 мамыр аралығында көрмемен қатар халықаралық KIOSH 2025 конференциясы өтті, оның аясында 10 мамандандырылған сессия мен іскерлік ойын ұйымдастырылды. Конференцияның бірінші күнінде «Еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбында Стратегиялық пленарлық сессия өтті. Қатысушылар еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қазіргі сын-қатерлер мен трендтерді, қауіпсіздік мәдениетін дамытудың басым бағыттары мен халықаралық стандарттарды енгізу мәселелерін талқылады. Басты спикерлер қатарында Ермек Көшербаев — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Светлана Жақыпова — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сатыбалды Дәулеталин — ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Жұмабек Жанықұлов — ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы «PARYZ» Президиум төрағасы, Ғибрат Ауғанов — «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры, Ребекка Хикман — Ұлыбританиядағы Өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі Корольдік қоғам (RoSPA) бас директоры, Даррен Николс — Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық сарапшы, Аустралия, Славик Саргсян — Еңбек инспекциясы бойынша халықаралық қауымдастықтың вице-президенті және Армения Республикасының денсаулық сақтау және еңбек инспекциясы органының басшысы, Рашид Дубаев — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Шыңғыс Ахметов — «Еуразиялық топ» ЖШС ЕҚжӨҚ дирекциясының өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басшысы, Николай Радостовец — Тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры, Болат Ақшолақов — KAZENERGY қауымдастығының төрағасы, Бейбіт Әбдікенов — «Astana IT University» ЖШС жанындағы «Artificial Intelligence» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.
Конференцияда ерекше назар аударылған 4 панельдік сессия өтті: «Еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттердің ұлттық жүйесін трансформациялау», «Жасанды интеллект, Big Data және басқа да цифрлық шешімдердің еңбек және өндірістік қауіпсіздікке әсері», «Кәсіби денсаулық пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету: сын-қатерлер мен болашағы», «Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша халықаралық стандарттар: стратегиялар мен тәжірибе». Бұл сессиялар сарапшылар мен практиктерді біріктіріп, өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға және шешімдер ұсынуға арналған негізгі талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар, ҚР «Атамекен» ҰКП жанындағы техногендік қауіпсіздік саласындағы кәсіби қызметтер ұлттық нарығын дамыту жөніндегі кеңестің серіктестігімен «Қауіпті өндірістік объектілер мен жабдықтардың қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету» тақырыбында техногендік қауіпсіздік мамандарының кездесуі өтті.
29 мамырда ERG компаниясының серіктестігімен бірге корпоративтік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға және тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдеріне арналған сессиялар ұйымдастырылды. Қазақстандық және шетелдік компаниялар еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заманауи тәжірибелерімен және шешімдерімен бөлісті. 30 мамырда іскерлік бағдарламаның қорытынды кезеңі ретінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша іскерлік ойын өтті.
KIOSH 2025 еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және инновациялық шешімдерді дамытуға арналған жетекші алаң ретіндегі маңызын тағы да дәлелдеді.
Алтын серіктесі – «Еуразиялық Топ» ЖШС.
Күміс серіктестері – «Казцинк» ЖШС, KazMinerals.
Қола серіктесі – «BEST vision Technologies» ЖШС
Жобаның мемлекеттік әріптесі – Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты Әлеуметтік Қорғау Министрлігі.
Іс-шараға ресми қолдау көрсеткендер: «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК , Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Тау-кен өндіру және тау-металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы (ТМКҚ), «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, IOSH, ORP, NEBOSH, CSSE, ЖҚҚ қауымдастықтры, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағы, Қауіпсіз жүргізу қауымдастығы, Petro mining.
KIOSH 2025 көрмесін ұйымдастырушы – Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы.